Ұлттық ұлан бүлдіршіндерге ерекше мереке тарту етті
Ұлттық ұлан бүлдіршіндерге ерекше мереке тарту етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының авиациялық базасында "Бала — еліміздің болашағы атты әсерлі де мазмұнды мерекелік шара өтті.
Іс-шараға жиналған бүлдіршіндер үшін түрлі қызықты бағдарлама ұсынылды. Жедел мақсаттағы бригаданың кинологтары жаттықтырған "Самурай" атты қызметтік иттің арнайы қойылымы балалардың ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік кеш барысында кішкентай қонақтар сурет салу, ән айту, би билеу секілді шығармашылық сайыстарда өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар балалар Ан-74, Ан-26, Y8 секілді әскери ұшақтар мен Ми-8, Ми-171 тікұшақтарын тамашалап қана қоймай, олардың кабинасына кіріп, әуе техникасымен етене танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек бүлдіршіндер әскери бронды және патруль машиналарының ішіне еніп, өздерін нағыз сарбаздардай сезінді. Бұл техникалардың қатарында тек жауынгерлік мақсатта ғана емес, арнайы операциялар кезінде қолданылатын көліктер де болды.
Шара барысында Ұлттық ұланның ән-би ансамблі ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен сахналық көріністер қойып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аниматорлардың өнері мен ұйымдастырылған флешмобтар да бүлдіршіндердің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
— Ұлттық ұлан қолбасшылығы әскери қызметшілердің отбасына үнемі жанашырлықпен қарап келеді. Бүгін балаларымыз нағыз мерекелік көңіл күйге бөленді. Ата-ана ретінде зор алғысымызды білдіреміз, — деді шараға қатысушы Гаухар Багашарова.
Ойындар мен байқауларда белсенділік танытқан бүлдіршіндерге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мерекеден шаттана қайтқан балалар Ұлттық ұлан сарбаздарының ыстық ықыласы мен қамқорлығын ерекше сезініп қайтты.
Айта кетейік, балалар назарына ұсынылған "Барыс" 6×6, "Алан-2", сондай-ақ жоғары деңгейде қорғаныс мүмкіндігіне ие "Cobra II" броньды машиналары биыл елордада өткен әскери парадта көпшілік назарына ұсынылған болатын.