Астанада полиция есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту шараларын талқылады
Астанада полиция есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту шараларын талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтің төрағалығымен жедел бөлімшелердің жеке құрамы, жергілікті полиция қызметі, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Кездесудің басты тақырыбы — "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасы аясында өткізіліп жатқан "Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасы болды. Бұл шараның мақсаты — құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерін анықтап, жолын кесу, сондай-ақ есірткі құралдарының транзиті мен таралу арналарының көзін жою.
Кеңес барысында Қуаныш Орынбетов есірткі қатеріне қарсы күресте жүйелі тәсіл мен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
- Есірткі қылмысының жолын түбегейлі кесу қажет. Әрбір тарату арнасы — бұл азаматтарымыздың денсаулығы мен болашағына қауіп. Біз тек салдарымен күресіп қана қоймай, әсіресе жастар арасында алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізуіміз қажет. Болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі мен амандығы — біздің қолымызда. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек, — деді ол.
Іс-шара соңында мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікті күшейту және жергілікті жерлерде, соның ішінде жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Полиция тұрғындарды азаматтық белсенділік танытып, есірткінің заңсыз айналымы туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.