Ауладағы қабылдау: Ақсу тұрғындарының мәселелері тыңдалды
Павлодар облысы Ақсу қаласының Октябрь және Энергетиктер көшелеріндегі тұрғын үйлердің ауласында учаскелік инспекторлар "Ауладағы қабылдау" акциясын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл шараның мақсаты – тұрғындардың полиция қызметіне қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, жедел шешім қабылдау.
Қабылдау барысында тұрғындар абаттандыру ережелерінің бұзылуы, жол қозғалысын ұйымдастыру, аула ішіндегі жасанды жол кедергілерін орнату, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, пәтер және көлік салонынан ұрлық, алаяқтықтың алдын алу сияқты мәселелерді көтерді. Көптеген сұрақтар сол жерде шешімін тапты, ал кейбіреулері бақылауға алынды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға пайдалы кеңестері бар парақшалар таратып, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын түсіндірді. Тұрғындар мұндай шаралардың аулада өткізілуі өте ыңғайлы екенін айтып, полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Облыстық полиция халық үшін әрқашан ашық екенін ескертіп, кез келген құқық бұзушылық туралы 102 арнасына дереу хабарлауға шақырады. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алуға және туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.