Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ертіс өңірінде полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесті

Ертіс өңірінде полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерінің сақталуын күшейту мақсатында қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесу өткізді. Жиын барысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігі мен мәдениетін арттыру мәселелері қозғалды.

Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаевтың айтуынша, қоғамдық көліктің қатысуымен орын алатын тәртіп бұзушылықтар жол қауіпсіздігіне едәуір қауіп төндіреді.

— Қала көшелерінде жылдамдықты асырып, қауіпті маневр жасаған автобустар жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Жыл басынан бері облыс аумағында 384 жол апаты тіркеліп, 529 адам түрлі жарақат алды, 25 адам қаза тапты. Бұл – жай ғана сандар емес, бұл – адам өмірі, — деді ол.

Кездесу барысында полицейлер жүргізушілерге заңгерлік кеңес беріп, көлік қозғалысын ұйымдастыру мен тәртіп сақтау талаптары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық көлікте жолаушылар, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.

— Мұндай кездесулер өзара түсіністік орнатуға, жүргізушілердің пікірін тыңдауға мүмкіндік береді. Бұл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Полицейлер жүргізушілерді жылдамдықты асырмауға, жолаушыларды отырғызу және түсіру кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ жолда мәдениетті болуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру