Жетісуда "Ауладағы қабылдау" акциясы жалғасып жатыр
Жетісуда "Ауладағы қабылдау" акциясы жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында 9 маусымнан бастап республикалық "Ауладағы қабылдау" акциясы өтуде. Акцияның басты мақсаты – құқық қорғау органдары мен халық арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың сенімін арттыру және күнделікті мәселелерге жедел шешім табу.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тұрғындармен кездесулерді тек тұрғын үйлер аулаларында ғана емес, коммуналдық базарларда да өткізіп жүр. Адам көп шоғырланған жерлерде олар ақпараттық буклеттер таратып, интернет-алаяқтардан қорғану жолдары, жаңа алаяқтық схемалары, жеке деректерді қорғау және желідегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері түсіндірілуде.
Сонымен қатар полицейлер азаматтарға құқықтық және тұрмыстық мәселелер бойынша кеңес беріп, қиын жағдайға тап болғандарға қолдау көрсетіп, бекітілген аудандарда қоғамдық тәртіп пен тазалықтың сақталуын қадағалайды.
Тұрғындар бейресми ортада өздерін толғандыратын сұрақтарды ашық талқылап, құзырлы мамандардан кәсіби көмек ала алады.