Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстандық полицейлер донорлық қан тапсырды

Қазақстандық полицейлер донорлық қан тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің аппараты мен Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері Дүниежүзілік қан доноры күніне орай ұйымдастырылған акцияға қатысты. Патрульдік полиция қызметкерлері, жедел уәкілдер, арнайы жасақ сарбаздары мен учаскелік инспекторлар, басқа да қызмет өкілдері –  Петропавл қаласындағы облыстық қан орталығына барып қан тапсырды.

Қызметкерлер тіркеуден өтіп, міндетті медициналық тексерістен соң қан тапсырды. Акция күні қан орталығының мамандары донорларға шағын сыйлықтарын да дайындап қойыпты.

Қызылордалық полицейлер де жылдағы үрдіс бойынша сауапты іске мұрындық болды. Донор болу арқылы қанға зәру науқастарға көмек берді. Іс-шараға полиция департаментінің жеке құрамы ұйымдасқан түрде бір кісідей атсалысты.

- Мұқтаждарға көмек қолын созу мақсатында қызметкерлеріміз донор болды. Полицейлер қан тапсыру арқылы халыққа көмектесуді тек сөз жүзінде ғана емес, іс-әрекетімен де көрсетуді өздеріне міндет санайды. Қан беру — өзге біреуге жаңа өмір сыйлаумен тең. Бүгінгі игі бастама біреудің анасы мен әкесінің, бауырының өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп үміттенеміз. Қызметкерлеріміз халықпен тығыз байланыста болғандықтан, бұл шараның маңызын жақсы түсінеді, - дейді департамент бастығының орынбасары Омаров Оралбек.

Осы мерекенің қарсаңында,  Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығында
"Қан тапсырыңыз – үміт сыйлаңыз. Бірге өмір сақтаймыз!" деген ұранмен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Шара барысында донорлықты өмір салтына айналдырған, қайырымдылықты отбасылық дәстүр еткен жандар ерекше құрметке ие болды.

"Махаббат пен мейірімнің күші" номинациясы бойынша ШҚО ПД тәрбие және кадр басқармасының бастығы Марат Баяндинов пен жары Мейрамгүл Жүнісханқызы марапатталды.

Олар – бір-біріне тірек болған сенімді жар ғана емес, игі іске бірге ат салысып отырған отбасы. Әрқайсысы 30-дан астам рет қан тапсырған, ал бірге олар 200-ден астам адамға үміт пен өмір сыйлады. Бұл – жүректен тамған жан жылуы, адамға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың көрінісі.

Баяндиновтар отбасының оқиғасы – жақсылық жасаудың үлкені-кішісі жоқ екенін, бастысы – бейжай қалмай, қолдан келген көмекті бірге жасау екенін дәлелдейді.

Атырау облысында бұл акцияға полиция департаментінің басшы құрамы қатысты. Таңертең олар бұл жерге қызметтік емес, азаматтық парызын өтеу үшін келді.

Әрбір қатысушы 450 миллилитр қан тапсырды — бұл көлем бір емес, бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға жеткілікті.

Полицейлер мұндай игі бастамаларды үнемі қолдайды. Себебі олар қызмет барысында қан донорлығы адам өмірін сақтап қалуда қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.

Донор күні қарсаңында Ақтөбе облысының полиция департаменті дәстүрге айналған донорлық акция өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – қанға аса мұқтаж жандарға көмек көрсету және өз еркімен қантапсыру арқылы қоғамды ізгі іске тарту.

Бұл жолы Ақтөбе қаласының полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің бастамасымен 30 полиция қызметкері қан тапсырып, адам өмірін сақтап қалуға өз үлестерін қосты.

Батыс Қазақстан облысының полицейлері 14 маусым – Дүниежүзілік донор күніне арналған республикалық қайырымдылық акциясына белсене қатысты. Іс-шара аясында өңірдің бірқатар полиция қызметкерлері өз еріктерімен қан тапсырып, науқас жандарға үміт сыйлауға атсалысты.

Іс-шара облыстық қан орталығында ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері алдын ала медициналық тексеруден өтіп, талаптарға сай болған жағдайда ғана донор болды. 

Халықаралық донор күні қарсаңында Қостанай облысы полиция департаментінің 60-тан астам қызметкері ерікті қан тапсыру акциясына қатысты. Осылайша, полицейлер азаматтық жауапкершілік пен көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын екендіктерін көрсетті.

Акция Облыстық қан орталығымен бірлесе ұйымдастырылды. Оған департаменттің түрлі бөлімшелерінің қызметкерлері қатысып, әрқайсысы өмірді құтқаруға өз үлесін қосты.

- Мен үнемі қан тапсырамын. Бұл – менің біреудің өміріне қосқан жеке үлесім. Бәлкім, менің қаным біреудің өмірін сақтап қалар, – деп бөлісті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Тілеуберді Нұрахметов.

Құқық қорғау саласының қызметкерлері апат, жазатайым оқиға, қылмыстың салдарымен жиі кездеседі. Сондықтан зардап шеккендерге дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетуі қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Қан доноры болу – заң мен тәртіпті сақтау жолында қызмет етуді таңдаған жандар үшін азаматтық әрі адамгершілік борыш.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру