Қызмет пен ерлікке толы ғұмыр: Құрмат Рахимов - 101 жаста
Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы милиция полковнигі Құрмат Рахимұлы 101 жасқа толды, - деп хабапрлайды Polisia.kz.
Ол өз Отанының нағыз перзенті ретінде абыройлы өмір жолынан өтті. Жеңістен кейін Құрмат Рахимұлы ішкі істер органдарында ондаған жыл еңбек етіп, антына және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне әрдайым адал болды. Қызметін полковник шенінде аяқтап, ол әріптестерінің құрметіне, замандастарының беделіне ие болған жан.
Атаулы күн қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері ардагерге оқу полигонына арнайы сапар ұйымдастырды.
Онда Құрмат Рахимұлы әскери өмірдің атмосферасын қайта сезініп, қолына қару алып, бірнеше дәл көзделген оқ атып, жас қызметкерлермен әңгімелесті және дала жағдайында дайындалған сарбаздар ботқасынан дәм татты.
Құрмат Рахимұлы үшін бұл тек құттықтау шарасы ғана емес, сонымен қатар қызмет, борыш пен ерлікті еске түсіретін ерекше сәт болды.
Ардагерге ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың құттықтау хаты табысталды. Министр өз хатында Құрмат Рахимұлының құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан зор үлесін атап өтіп, шын жүректен алғысын білдіріп, ардагерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жайлылық пен қамқорлық тіледі.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы ардагерге алғысын білдіріп:
— Құрмат Рахимұлы — бұл ерік-жігері мықты, рухы биік тұлға және тірі тарих. Оның өмір жолы — Отанға адал қызмет етудің нағыз үлгісі, — деді ПД бастығы Ерлан Омарбеков.
Бұл күн ардагердің өзі үшін ғана емес, сонымен қатар оны құттықтап, тағылымды сөздерін тыңдаған барша жан үшін де маңызды әрі есте қаларлық күн болды.