Жалынмен арпалысқан қос сақшы
Жалынмен арпалысып, тұрғындарды құтқарып қалған қос сақшы Polisia.kz сайтына оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Ақтау қаласы тып-тыныш ұйқы құшағында еді. Алайда шағын аудандардың біріндегі үйдің подъезінде кенеттен өрт тұтанып, жалын лезде жоғарыға қарай өрлей бастады. Адамдар бейқам ұйықтап жатқан. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті.
Полиция майоры Батырбек Нурманов пен полиция лейтенанты Нұртас Салықбаев ештеңеге қарамастан, түтін толған подъезге кіріп кетті. Қатты қою түтін, үрейлі айқай, күйік пен қара күйенің иісі – бәрі қорқынышты еді. Бірақ олар тайсалмады. Әр есікті қағып, ұйқыдағы тұрғындарды оятты, балаларды қолына көтеріп, қарттарға демеу болып, адамдарды сыртқа қарай алып шықты.
Өрт сөндірушілер жеткенше, бүтін бір подъездің тағдыры осы екі тәртіп сақшысының қолында болды. Ең бастысы – сол түні ешқандай қайғылы оқиға болмады. Себебі сақшылар шегінбей, нағыз ерлік көрсетті.
2025 жылдың 18 сәуірінде Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті қос полицейге “Ерлігі үшін” медалін табыстады. Бірақ олар бұл әрекеттерін ерлік деп есептемейді.
— Бұл – біздің қызметтік борышымыз. Ондай сәтте ойлануға уақыт жоқ. Бар болғаны – барып, көмектесу керек. Адам өмірі – бәрінен қымбат, — дейді олар қарапайым ғана үнмен.
Уақыт өте берер. Бірақ сол түні олар құтқарған адамдар бұл оқиғаны ешқашан ұмытпайды. Подъездегі бейнебақылау жазбасы мен куәгерлердің естеліктері сол түннің жүрек тебірентер шындығын баяндайды.
— Олар қайта-қайта ішке кіріп жатты. Түтін қоюланып барады. Бірақ олар – өлім мен біздің арамыздағы қалқан секілді болды, — дейді тұрғындардың бірі.
Ерлік – ел есінде. Халық батыр ұлдарын ешқашан ұмытпайды.