Маңғыстау облысы ҚАЖД мекемесінде ұлттық ойындардан спорттық-мәдени іс-шара өтті
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №43 мекемесінде Ұлттық ойындар күніне орай жазасын өтеушілер арасында спорттық-мәдени іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл бастама — ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді өткізу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатын көздеді.
Шара барысында қатысушылар арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ сынды қазақтың дәстүрлі ойын түрлері бойынша өзара сайысты. Жарыс қызықты да тартысты өтті. Жазасын өтеушілер өз белсенділігімен және ұлттық ойындарға деген қызығушылығымен көзге түсті.
Жеңімпаздарға марапаттарды мекеме бастығы Сансызбай Аминов табыстап, үздік шыққандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді.
Мекеме әкімшілігі бұл секілді шаралар жазасын өтеушілердің мәдени-рухани дамуына оң ықпал етіп, олардың қоғамға бейімделуіне септігін тигізетінін атап өтті.