Маңғыстауда пробация есебіндегі тұлғаларға бақылау күшейтілді
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметі 18–21 тамыз аралығында республика көлемінде өткізілген "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың жазаны өтеу тәртібі мен белгіленген талаптарды сақтауына бақылау жүргізілді.
Нәтижесінде 22 сотталғанның жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны анықталды. Олардың арасында белгіленген уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаған және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғалар бар.
Анықталған фактілер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, сотталғандарға жазбаша ескертулер берілді.
Сонымен қатар бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа 5 ұсыныс жолданды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға бақылауды күшейту және олардың белгіленген талаптарды сақтауын қамтамасыз ету.
