БҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде қазақтың ұлттық ойындарынан спорттық шаралар өтті
БҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде қазақтың ұлттық ойындарынан спорттық шаралар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақ ұлттық ойындары күніне орай БҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты №28 мекемесінде тәрбие бөлімі сотталғандар арасында ұлттық спорттық-мәдени іс-шара ұйымдастырды. Мұндай бастаманың негізгі мақсаты — ата-баба аманатын ұлықтап, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық ойындарды дәріптеу арқылы сотталғандарды салауатты өмір салтына баулу.
Бағдарлама аясында арқан тарту, білек күшін сынайтын армрестлинг, кір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Сонымен қатар ұлттық зияткерлік ойын — тоғызқұмалақ пен асық ату сайыстары да қызықты әрі тартысты өтті.
Жарысқа 50-ден астам сотталған қатысып, тартысты ойындар достық пен ұйымшылдық рухында өрбіді. Қатысушылар өз ептілігі мен шеберлігін ортаға салып, ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын көрсетті.
Тәрбиелік бөлім басшысы алдағы уақытта мұндай шараларды жиі өткізу жоспарланғанын айта келе, белсенді қатысушыларды ынталандыру тетіктері қарастырылатынын жеткізді. Бұл бастама — сотталғандарды оң әлеуметтендіру мен ішкі тәртіпті нығайтудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.