Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстанның түзеу мекемелерінде Ұлттық ойындар күні аталып өтті

Қазақстанның түзеу мекемелерінде Ұлттық ойындар күні аталып өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде "Заң және Тәртіп" айлығы аясында Ұлттық ойындар күні кең көлемде ұйымдастырылды. Ел аумағындағы барлық 78 түзеу мекемесін қамтыған бұл іс-шараға 15 мыңнан астам сотталған қатысып, ұлттық рух пен дене тәрбиесін ұштастырған жарыстарға белсене атсалысты.

Бағдарламаға асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту сынды қазақтың дәстүрлі ойындары мен өзге де спорттық сайыстар енгізілді. Бұл шараның басты мақсаты – сотталған азаматтардың салауатты өмір салтына деген ынтасын арттыру, дене тәрбиесін дамыту, ұжымдық рухты нығайту және оң мінез-құлыққа баулу.

ҚАЖ комитетінің тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Рустан Ахметжановтың айтуынша, жарыс жеңімпаздары арнайы мақтау қағаздарымен марапатталып, көтермелеу шаралары олардың жеке істеріне ресми түрде тіркелді.

Ұлттық ойындар күнін өткізу – тек спорттық сайыс қана емес, сонымен қатар сотталғандарды қоғамға бейімдеуге бағытталған кешенді тәрбиелік жұмыстардың маңызды бөлігі. Бұл бастама арқылы ұлттың мәдени мұрасын дәріптеу мен рухани құндылықтарды насихаттау қатар жүзеге асырылып келеді.

Жауап қалдыру