Павлодарда полицейлер табиғат апатынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына белсене көмектесуде
Павлодарда полицейлер – табиғат апатынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының алдыңғы шебінде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
19 маусым күні Павлодар облысында соққан күшті дауылды жел аймақ тұрғындарына айтарлықтай зиян келтірді. Табиғат тосын мінез танытып, көптеген ғимараттардың шатырларын жұлып әкетті, электр желілері мен ағаштарды құлатты. Қоғамдық аялдамалар мен балалар алаңдары бүлініп, бірнеше автокөлікке де залал келді. Халықтың демалыс орны – орталық жағалау да зардап шекті.
Төтенше жағдайдан кейін облыста ауқымды қалпына келтіру жұмыстары басталып, оған коммуналдық қызметтер мен арнайы техника жұмылдырылды. Алайда қиын сәтте бұқарадан тыс қалмаған полиция қызметкерлері мен тұрғындар да бір кісідей атсалысты. Олар қиранды болған аумақтарды тазалап, зардап шеккендерге қол ұшын беріп, елмен бірге екендерін іс жүзінде дәлелдеді.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде тұрғындар тәулік бойы жұмыс істейтін 109 нөмірлі Бірыңғай байланыс орталығы мен Төтенше жағдайлар департаментінің 112 және 8 (7182) 70-37-95 нөмірлері арқылы көмек сұрай алады.