Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда егіз полицей ел тыныштығын күзетуде

Құқық қорғау саласында қызмет ету — жүрек қалауы мен табандылықты талап ететін жауапты міндет. Бұл салада бір әулеттен шыққан бірнеше буын өкілдерінің еңбек етуі жиі кездесетін құбылыс. Ал егіз жандардың қатар жүріп, бір салада қызмет етуі — сирек әрі тағылымды жағдай. Осындай мысалдардың бірі — Атырау облысы полиция департаментінің мақтанышына айналған Амир мен Дамир Бисембаевтар туралы Polisia.kz сайты әңгімелеп береді.

Бір үйдің егіз ұлдары мектепті бірге бітіріп, әскерге бірге аттанып, тіпті бір бөлімде борыштарын өтейді. Әскерден оралған соң 2018 жылы қос ағайынды бірден ішкі істер органдарына қызметке қабылданып, осы саладағы еңбек жолын бастайды. Екеуі де Орал қаласындағы оқу орнында заңгер мамандығын меңгеріп, жоғары білім алады.

Спортты жанына серік еткен Бисембаевтар тоғыз жыл бойы таеквондомен шұғылданып, спорт шебері атанған. Амир 2013 жылы Кореяда өткен халықаралық турнирде екінші орын иеленіп, ел мерейін асырған болатын.

– Бұл мамандық – біздің бала күнгі арманымыз. Үлкен ағамыз Рүстембек Сүндетов – патрульдік полиция батальонында қызмет етеді. Сол кісіге қарап, біз де құқық қорғаушы болуды мақсат еттік. Қазір шен тағып, елге қызмет етіп жүргеніме шын жүректен қуаныштымын. Ең бастысы – қасымда сыңарым бар, – дейді Атырау қалалық полиция басқармасы 1-қалалық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Амир Бисембаев.

Ал Дамир Бисембаев қазір Жылыой аудандық полиция бөлімінің Теңіз полиция пунктінде аға жедел уәкіл қызметін атқарады. Ол да ағасымен пікірлес:

– Полицей болу – үлкен жауапкершілік. Бұл салада жеңіл жұмыс жоқ. Алайда ер-азамат үшін Отанға адал қызмет ету – парыз. Біз, тәртіп сақшылары, ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етеміз. Әрбір азамат түнгі ұйқыға алаңсыз жатуы үшін біз тынымсыз жұмыс істейміз, – дейді полиция аға лейтенанты Дамир.

Сыңарлар қызмет бабында әртүрлі бөлімдерде еңбек еткенімен, әрдайым бір-бірімен байланыста. Көпшілік оларды даусынан немесе сырт келбетінен шатастырып жатады. Бірақ егіздер бұл жағдайды қалыпты әрі қызықты қабылдайды.

– Бізді бір-бірінен айыру қиын деп емес, бұл – өз таңдауымыз. Әу бастан бірге болуды қаладық, бірге өстік. Түріміз де, дауысымыз да ұқсас болғандықтан, көп адам шатастырып жатады, – дейді Амир күліп.

Анасы Әлия Адиатқызы егіз ұлдарының кішкентай кезінен-ақ бір-бірінен ажырамағанын, қылықтары мен мінездері ұқсас болғанын тебірене еске алады:

– Отбасымызда бес баламыз бар. Егіздеріміз – ерекше. Олар қайда жүрсе де бір-бірін іздеп, бір-біріне тіреу болып жүреді. Бала күндерінен бастап бірге ойнап, бірге бұзықтық жасайтын. Енді, міне, елдің тыныштығы үшін бірге қызмет етіп жүр, – дейді анасы мақтанышпен.

Иә, егіздердің тату-тәттілігі, мамандыққа деген шынайы сүйіспеншілігі мен адалдығы — жас ұрпаққа үлгі боларлықтай. Амир мен Дамир Бисембаевтар – бір үйдің ғана емес, тұтас қоғамның сенімін арқалап жүрген сақшылар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру