Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Алаяқтардың құрығына түспедім": Ақтөбе облысында студент өз оқиғасымен бөлісті

Ақтөбе облысында студент өз оқиғасымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласындағы киберполиция ғимаратында Ақтөбе облысы полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы күрес басқармасы Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 2-курс студенттеріне арналған танымдық экскурсия ұйымдастырды. Кездесу барысында болашақ IT-мамандарына киберполицияның қызметі, интернет-алаяқтықпен, фишингпен, кибербуллингпен және басқа да онлайн қауіптермен күресу жолдары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау, цифрлық гигиена және күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға қалай әрекет ету керек екендігі де талқыланды.

Шынайы өмірден алынған оқиға кездесу кезінде студенттердің ерекше назарын аудартқан оқиғалардың бірі — Анеля Маратқызы есімді студенттің жеке тәжірибесі болды: Бірде маған біреу күмәнді сілтеме жіберіп, соған өтуімді сұрады. Бұған дейін полиция қызметкерлері өткізген профилактикалық дәрістерге қатысқаным есіме түсті, сол себепті қызығушылық танытып, бұл сілтеменің қаншалықты қауіпсіз екенін тексергім келді. Мен сайттың бастапқы кодын ашып қарап шықтым және бірнеше негізгі белгілері бойынша оның фишингтік (алаяқтық) бет екенін түсіндім. Сол сабақтардың арқасында мен алаяқтардың қақпанына түспей, өзімді қорғап қала алдым. Киберқылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Анеляның мұқияттығы мен цифрлық сауаттылығын үлгі ретінде атап өтті. Мұндай жағдайлар профилактикалық шаралардың нақты нәтиже беретінін және жастардың интернеттегі қауіптерді дер кезінде анықтауға үйреніп жатқанын көрсетеді.

Профилактика – цифрлық қауіпсіздіктің негізі. Осы секілді кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, студенттердің киберқауіпсіздікке бейімділігін арттыруға және болашақ мамандарды дайындауға маңызды үлес қосады. Басқарма өкілдері оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеуді әрі қарай да жалғастыруға және киберқауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру