Жасөспірімдер тағдырына жанашырлық: ювеналды полиция инспекторының қызметі
Ювеналды полиция – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең жауапты әрі нәзік бағыттардың бірі. Мұнда формализмге, немқұрайлылыққа орын жоқ, өйткені сөз кәмелетке толмаған балалардың тағдыры туралы болып отыр. Осындай күрделі де маңызды қызметтің бел ортасында жасөспірімдердің құқығын қорғап, олардың тағдырына жанашырлықпен қарайтын инспекторлардың бірі – полиция капитаны Әсемгүл Кәрімова. Polisia.kz сайтынан толығырақ оқыңыздар.
Инспектордың күнделікті жұмысының негізгі өзегі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың пайда болу себептерін анықтау және әр баланың өміріне дер кезінде оң ықпал ету. Бұл бағытта Әсемгүл Кәрімова оқу орындарымен, әлеуметтік қызметтермен және ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
– Ювеналды полицияда жұмыс істеу тек тәртіпті бақылаумен шектелмейді. Бұл – сенімге ие болу, тыңдай білу және түсіне алу. Әр жасөспірімге уақтылы қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Біздің қызмет – қорғау, бағыттау және жан-жақты көмек көрсету, – дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының инспекторы Әсемгүл Кәрімова.
Оның жұмысы – бұл тек мамандық емес, жүрекпен атқарылатын жауапты қызмет. Көп жағдайда балалардың болашағы инспекторлардың қамқор көзқарасы мен жанашыр әрекетіне тікелей байланысты.