Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тараз қаласында "Жастар есірткіге қарсы" ұранымен волейбол турнирі өтті

Тараз қаласында "Жастар есірткіге қарсы" ұранымен қыздар арасында волейболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласында өткен волейбол турниріне қатысушы арулар жеңіс үшін ғана емес, маңызды бір ойды жеткізу үшін – есірткіге "жоқ" деп айту үшін ойын алаңына шықты.

Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні қарсаңында №3 орта мектеп-лицейінің спорт залы нағыз жарыс алаңына айналды.

Мұнда "Жастар есірткіге қарсы" ұранымен қыздар арасында волейбол турнирі ұйымдастырылды.

Шараның ұйымдастырушылары – Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы.

Бұл турнир жай ғана жарыс емес, спорттың жастарды біріктіріп, шабыттандырып, дұрыс жолға бағыттай алатынын көрсетті. Жарысқа қаламыздағы жалпы білім беретін мектептерден командалар қатысты. Қатысушы арулар жоғары деңгейдегі физикалық дайындықтарын, бірлескен командалық ойынды және ортақ мақсатқа ұмтылыс таныта білді.

Турнир қорытындысы бойынша жүлделі І орын – Тараз қаласындағы №66 мектеп командасына, ІІ орын – №3 орта мектеп-лицейінің командасына, ІІІ орын – IQ IT-мектебінің командасына бұйырды. "Үздік ойыншы" жеке номинациясында Мәлік Жібек жеңімпаз деп танылды.

Турнирге қатысқан барлық аруларға алғыс хаттар, медальдар, кубоктар және естелік сертификаттар табыс етілді.

– Бұл күннің басты жетістігі – жеңімпаздардың есімдері ғана емес, жастарға рухани тірек бола алатын осындай шаралардың маңызы. Қатысушылар алаңнан тек марапатпен ғана емес, ішкі сеніммен қайтты: мықты болу, команда мүшесі болу және зиянды әдеттерден аулақ болу – бұл шынымен де керемет. Қыздар әр доп үшін жан сала күресті, бір-бірін қолдады және ең бастысы – командалық рух пен спорттық жігердің тәуелділікке қарсы қуатты күш бола алатынын дәлелдеді, – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру