Түркістан облысында полиция интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын жүргізуде
Түркістан облысында полиция интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Арыс аудандық полиция бөлімімен бірлесіп халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналған интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда және жолдарда қарапайым қауіпсіздік шаралары туралы 1000-нан астам жадынама таратты. Бұл жадынамалар интернет-алаяқтардан қалай қорғану керектігі туралы маңызды ақпаратты қамтиды. Сондай-ақ полицейлер тұрғындарға алаяқтық схемаларды қалай тануға болатынын және қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін қандай шаралар қолдану керектігін түсіндірді.
Полицейлер атап өткендей мұндай алдын алу шаралары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтық жағдайларының санын азайтуға мүмкіндік береді.