Павлодарда полицейлер студенттерге құқықтық сабақ өткізді
Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжінің студенттерімен CyberPol қызметкерлері кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Киберқылмыспен күрес басқармасының мамандары студенттермен құқықтық сабақ өткізіп, өз қызметтерімен таныстырды. Олар интернет-алаяқтықтың жаңа әдістері туралы айтып, мұндай қылмыстардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар өңір аумағында жасалатын алаяқтық түрлері, әлеуметтік желілердің бұзылуы, банк карталарын қорғау тәсілдері мен әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қауіпсіздік ережелері жөнінде толық ақпарат берілді. Қатысушыларға интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылық жағдайында не істеу керектігі түсіндіріліп, киберқылмыстар саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік жайында еске салынды.
Өте өзекті тақырып студенттердің қызығушылығын тудырды. Кездесу еркін әңгіме форматында өтті. Студенттер белсенді түрде диалогқа қатысып, өздерінің немесе жақындарының алаяқтармен кездескен жағдайларын айтып берді. Жастар полиция қызметкерлері қылмыстық схемаларды қалай анықтайтыны мен алаяқтықпен қалай күресетіні туралы сұрады.
– Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Жастардың техникалық сауаттылығы жоғары болғанымен, киберкеңістікте алданып қалу қаупі әлі де бар. Кейбір студенттер есірткі заттарын жасырын таратушы немесе курьер ретінде жұмысқа орналасып, алаяқтық тізбегінің бір бөлігіне айналады. Олар бұл әрекеттерінің қылмыс екенін түсінсе де, жол-көлік оқиғасына түскен туыстарына қажет деп сендірілген ақшаны қарт адамдардан алуға саналы түрде барады. Мұндай курьерлер заң алдында толық жауап береді, – деді Павлодар облысы ПД киберқылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Қадержанов.
Бұл кездесулер Павлодар облысы аумағындағы жастар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу, студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру және ақпараттық-профилактикалық шараларды жүргізуге бағытталған.