Қызмет жолындағы қаһармандық
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев қызметтік міндетін орындау кезінде жарақат алған полиция қызметкерлері Мұрат Нұрсеитов пен Баянбек Жүнүсовпен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске сала кетейік, 2017 жылғы 17 ақпанда полиция старшинасы Мұрат Нұрсеитов пен полицияның аға сержанты Баянбек Жүнүсов қызметтік Lada Granta автокөлігімен Павлодар қаласына шаңғы жарыстары мен шахмат турниріне қатысуға бара жатқан оқушылар бар автобусты сүйемелдеп жүрген. Қызылорда – Павлодар автожолында, Спутник станциясы мен Пограничник ауылының арасында қарсы бағытқа кенеттен тіркемесі бар КамАЗ жүк көлігі шығып кеткен.
Қауіп төнгенін көрген полицейлер мектеп автобусын қорғау үшін қызметтік көліктерін жүк көлігіне тосқауыл ретінде қойып, жолды бөгеген. Автобуста болған 18 бала, 2 тәрбиеші және жүргізуші дін аман қалды, ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда қызметтік көлікті басқарған полиция старшинасы Мұрат Нұрсеитов түрлі жарақат алып, Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне ауыр халде жеткізілді. Аға сержант Баянбек Жүнүсов та түрлі дене жарақатын алды. Мұрат Нұрсеитовтің өмірі үшін павлодарлық және кейін елордалық дәрігерлер бір айдан астам уақыт күресті. Ұзақ емделу мен оңалтудан кейін ол қайта қатарға қосылып, қызметін жалғастырды.
– Мұрат Нұрсеитов пен Баянбек Жүнүсов секілді жігіттер үшін ар-намыс пен батырлық жай ғана сөз емес, өмір салтына айналған ұғымдар. Бұл қасиеттер жасқа да, шенге де қарамайды. Осындай оқиғаларды естігенде жүрек тебіренеді, сенім ұялайды – қандай заман болса да, өзгелердің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігуге дайын жандар әрдайым табылады, – деді Жандос Орынбаев.