Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Интернеттегі алаяқтардан қалай сақтануға болады

Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бұл бағытта күнделікті кешенді жұмыс жүргізіп келеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, түрлі қауіп-қатерлерді де ала келді. Бүгінде интернет кеңістігіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – онлайн алаяқтық. Бұл қылмыс түрі күн сайын жаңа айла-тәсілдермен толықтырылып, алаяқтар азаматтардың сенімі мен жеке деректерін теріс мақсатта пайдалануын жалғастыруда.

Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бұл бағытта күнделікті кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Басқарманың жедел уәкілі Расул Жолдастыкы айтуынша, интернет-алаяқтық түрлері жылдан жылға көбейіп барады. Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жалған сілтемелер мен QR-кодтар арқылы азаматтардың жеке деректерін ұрлап, олардың шоттарынан қаражат шешіп алады.

Киберқылмыспен күрестегі басты басымдық – алдын алу шаралары. Осы бағытта киберпол қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ескерту хабарламалар таратады. Мектептер мен колледждерде арнайы дәрістер оқып, жастар арасында түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, ақпараттық науқандар өткізеді, техникалық сараптамалар арқылы күдікті әрекеттерді алдын ала анықтауға тырысады.

Бүгінде ең жиі кездесетін алаяқтық түрлеріне:
• онлайн сауда кезінде алдау,
• жалған инвестициялық жобалар,
• банк атынан хабарласу,
• жәрдемақы немесе жеңілдік уәдесімен жеке деректерді ұрлау жатады.

Киберпол қызметкерлері азаматтарға күмәнді сілтемелерді ашпауға, бөгде адамдарға SMS-код пен банк деректерін бермеуге кеңес береді. Егер сіз алаяқтың құрбаны болсаңыз, дереу “102” немесе бірыңғай “109” нөміріне хабарласып, ресми арыз жазуыңыз және банкке шұғыл түрде шотты бұғаттау туралы өтініш беруіңіз қажет.

– Киберқауіпсіздікке ұмтылу– барша қоғамның ортақ міндеті. Әр азамат интернеттегі жеке ақпараттарына ұқыптылықпен қарауы тиіс. Әсіресе балалар мен қарттар — алаяқтар үшін ең осал топ. Сондықтан отбасында бір-бірін үнемі ақпараттандырып отыру мәдениетін қалыптастыру қажет, – дейді Жолдас Амандықұлы.

Қорыта айтқанда, интернеттегі алаяқтықпен күресте азаматтық сергектік пен цифрлық сауаттылық – ең басты құрал.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру