Қазақстан полициясы күніне орай көліктегі полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті
Қазақстан полициясы күніне орай көліктегі полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарының құрылғанына 33 жыл толуына орай Көліктегі полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Департамент бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтап, әріптестеріне адал қызметі мен антына берік болғаны үшін алғысын білдірді. Ол көлік полициясының әуе және теміржол көлігі нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
Осы күні ерекше көзге түскен қызметкерлер әртүрлі ведомстволық марапаттармен наградталды. Оларға белгіленген шекті деңгейден тыс арнайы атақтар, “Қызметінің үздігі” атты жеке статуэткалар, “Полиция үздігі” ведомстволық медалі, сондай-ақ грамоталар мен алғыс хаттар табысталды – бұл марапаттар қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жоғары кәсібилігі және көлік инфрақұрылымы нысандарындағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін берілді.
Жалпы, мерекеге орай ішкі істер министрлігінің және департаменттің түрлі марапаттарына 113 полиция қызметкері ие болды.
Сонымен қатар, 28 маусымда атап өтілетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, республикалық БАҚ өкілдері департамент басшылығының атынан грамоталарымен марапатталды.
Ішкі істер органдарының ардагерлері де назардан тыс қалмады, олардың тәжірибесі мен кәсібилігі жас қызметкерлер үшін үлгі ретінде атап өтіліп, Алғыс хаттар табыс етілді.
Іс-шара әсерлі концертпен аяқталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен мерекелік атмосфера сыйлады.