Алматыда жасөспірімдерге жеке куәліктері салтанатты түрде табысталды
Алматы "Ата Заң азаматы" патриоттық челлендждің эстафетасын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына, Қазақстан полициясы күніне және ел Президенті жариялаған "Заң мен Тәртіп" жалпы ұлттық қағидатын жүзеге асыруға арналған "Ата Заң азаматы" патриоттық науқаны өтті. Салтанатты жағдайда 16 жастағы қала тұрғындарына алғашқы жеке куәліктері табыс етілді.
Шара Ішкі істер министрлігінің бастамасымен республикалық челлендж аясында өтті. Жастарды азаматтық-патриоттық тәрбиелеу мәселесінде еліміздің барлық өңірлерінің ауқымдылығын, сабақтастығын және бірлігін атап көрсететін эстафета Астанадан Алматыға жолданып, қазір Ақмола облысындағы әріптестеріне жіберілді.
- Алғашқы жеке куәлік - азаматтық кемелдіктің нышаны. Осы сәттен бастап жасөспірім өз елінің толыққанды азаматына айналады. Ал біз, көші-қон қызметі қызметкерлері, бұл сәттің формальдылық ретінде емес, есеюге апарар жауапты жолдың бастауы ретінде есте қалғанын қалаймыз. Біз Алматының бұл науқанның эстафетасын елордадан қабылдап, оны Ақмола облысына табыстағанына мақтанамыз. Бұл жай ғана іс-шаралар алмасуы емес, бұл – мемлекетіміздің басты құндылықтары: Заң, жауапкершілік және патриотизм төңірегінде біріктіру болып табылады, - деді, Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.