Алматыда мотоцикл жүргізушілеріне бақылау күшейтілді
Алматыда мотоцикл жүргізушілеріне бақылау күшейтілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда мотоцикл жүргізушілерінің жол ережесін бұзу фактілері бейнебақылау камералары арқылы тұрақты бақылауда. Қаланың жедел басқару орталығының операторлары жоғары жылдамдықпен қозғалып, бір-біріне тым жақын жүретін және қауіпті маневр жасайтын мотоцикл жүргізушілерін жиі анықтайды.
Құқық бұзушылық анықталған сәтте ақпарат дереу жақын маңдағы патрульдік экипажға беріледі. Қызметтік нарядтарға тәртіп бұзушыларды жолын бөгеу және тоқтату жөнінде бағдар беріледі. Мұндай жүрістің құны тек әкімшілік жауапкершілікпен шектелмейді.
Жыл басынан бері Алматыда мотоциклдердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 57 адам түрлі дене жарақатын алды. Осындай әрбір кадрдың артында тағдырды бір сәтте өзгертіп жіберуі мүмкін бірнеше секунд тұр. Сондықтан түнгі уақытта Алматы жолдары бейнебақылау камералары мен патрульдік экипаждардың жіті бақылауында болды.
