Павлодарда полицейлер жүргізушілердің жиі жіберетін қателігін айтты
Павлодарда полицейлер жүргізушілердің жиі жіберетін қателігін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала көшелеріне орнатылған ондаған бақылау камерасы – павлодарлық жүргізушілер арасында жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық шаралардың бірі.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу, соның ішінде көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану – жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында. Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері рөлде отырып смартфон қолданғаны үшін 1 487 жүргізуші жауапкершілікке тартылған.
Полицейлер көлік тізгіндеу кезінде мобильді телефонмен сөйлесу адамның зейінін басқа жаққа аударып, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.
Заңнамаға сәйкес, көлік түріне немесе жүргізушінің әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, көлік басқару кезінде телефон қолдануға тыйым салынған. Себебі рөлде отырып қолға телефон ұстау – бірден қауіп көзіне айналады.
Жүргізушілер көбіне әлеуметтік желідегі суреттерді көру, лайк басу немесе пікір жазу сияқты әрекеттерге алаңдайды. Ал мұндай сәттік бейқамдық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.