Семейлік зейнеткерді алдаған күдікті ұсталды
Семейлік зейнеткерді несие рәсімдеуге көмектесемін деп алдаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қалалық полиция басқармасына 68 жастағы зейнеткер әйел жүгінді. Оның айтуынша, 2024 жылдың қазан айында несие рәсімдеуге көмектесемін деген уәдемен ер адамға 100 мың теңге берген. Алайда ақша алғаннан кейін ол азамат байланысқа шықпаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол — Семей қаласының 76 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті кінәсін мойындап, ақшаны жаратып жібергенін айтты.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарға мынадай кеңес береді:
• Несие мен өзге де қаржылық мәселелерді бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмаңыздар;
• Барлық банктік операцияны тек ресми ұйымдар арқылы жүргізіңіздер;
• Күмән тудыратын жағдай болса, бірден полицияға немесе "102" нөміріне хабарласыңыздар.