Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда интернеттегі алаяқтардан қорғану жолдары кеңінен түсіндірілуде

Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында Екібастұз қаласының дүкендерінде арнайы ескертпе ақпараты бар нан өнімдері сатылымға шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Онда тұрғындарға интернеттегі алаяқтардың арбауына түспеу үшін мынадай негізгі қауіпсіздік ережелері ұсынылады:

- Бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқашан ешкімге ақша аудармаңыз;

- Банк картасының деректемелерін – карта нөмірі, PIN және CVV-кодтарды ешкімге айтпаңыз;

- Мессенджерлер арқылы банк картасы немесе жеке деректердің фотосуреттерін жібермеңіз.

Сондай-ақ алаяқтар жиі бейтаныс нөмірлерден қоңырау шалып, жүздеген адаммен байланыс орнатуға тырысады. Мұндай жағдайларда бейтаныс нөмірлерді бірден бұғаттау ұсынылады.

Интернет алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі — WhatsApp арқылы таныстардың атынан ақша сұрау. Егер сізге сондай хабарлама келсе, ең алдымен мессенджердің параметрлеріне кіріп, “Байланыстырылған құрылғылар” бөлімін тексеріңіз. Егер бөгде құрылғылар қосылып тұрғанын байқасаңыз, оларды дереу өшіріп, интернетті өшіріп-қосқаннан кейін қайта тексеріңіз. Бұл қауіпсіздік шараларын өзіңіз ғана емес, мессенджерге шабуыл жасалған туыстарыңызға да жасауды ұсыныңыз.

Екібастұз қаласында полицейлер тұрғындарды бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, күмәнді хабарламаларға сенбеуге және өз деректерін қорғауға шақырады.

Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға немесе 102 нөміріне хабарласыңыз.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру