Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция сақтыққа шақырады: интернет-алаяқтардың арбауына түспеңіз

Павлодар облысында полицейлер азаматтарға интернеттегі алаяқтардан сақтану жолдарын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полицейлері Ақсу қаласындағы Ферроқорытпа зауыты мен "ЕЭК" АҚ қызметкерлерімен кездесу өткізіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Алаяқтардың түрлі тәсілдері туралы интернетте де, әлеуметтік желілерде де, теледидар сюжеттері мен газет мақалаларында да жиі айтылып жүр. Сауда орындарында, банктерде ескерту парақшалары ілінсе де, өкінішке қарай, азаматтар әлі де болса алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатады, – деді тәртіп сақшылары.

Олардың айтуынша, алаяқтық қылмыстарының әдіс-тәсілдері күн сайын күрделеніп барады. Бұл бірінші кезекте интернет-технологиялардың қарқынды дамуына байланысты. Ақпараттық кеңістіктің тез өзгеруі әр азаматтан қырағылықты, алаяқтардан қорғану жолдарын жетік білуді және белсенді әрекет етуді талап етеді.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Олар азаматтарды бөтен нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеуге шақырды.

– Қандай жағдай болсын, бейтаныс адамның өзін банк өкілі, құқық қорғау қызметкері немесе мемлекеттік органның маманы ретінде таныстыруына алданып қалмаңыз. Ең дұрысы – мұндай қоңырауларды бірден үзіп, ресми дереккөзге жүгіну. Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендердегі белгісіз сатушыларға жеке деректеріңізді бермеңіз, – деп ескертті полицейлер.

Кездесу барысында павлодарлықтардың өз жинақтарынан айырылған нақты оқиғалары да айтылды. Ал зауыт ұжымы мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.

– Көпшілігімізге алаяқтар хабарласып, түрлі тәсілдермен алдамақ болды. Бірақ бақытымызға орай, олардың торына түскен жоқпыз. Бұл кездесуден пайдалы ақпарат алдық. Енді оны жақындарымызбен бөлісетін боламыз, – деді зауыт қызметкерлері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру