Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында сотталғандарға диплом табысталды

Қостанай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №38 мекеме базасында үш колледж жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл оқу орындарында 32 сотталған азамат білім алып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2024–2025 оқу жылында білім беру бірнеше мамандықтар бойынша жүргізілді.

Қостанай автомобиль көлігі колледжінде автослесарь мамандығы бойынша 6 адам оқыды. Бұл бағыт сотталған азаматтарға автокөлік жөндеу және қызмет көрсету дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай біліктілік босатылғаннан кейін тұрақты жұмыс табуға сеп болмақ.

Қостанай құрылыс колледжінде 15 адам көпбейінді құрылысшы-шебер мамандығын игерді. Құрылыс саласы — еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие бағыт. Бұл салада оқығандар ертеңгі күні тұрақты табыс тауып, қоғамға бейімделе алады.

Қостанай қызмет көрсету саласы колледжінде 11 адам тігін өндірісі және киімді модельдеу мамандығын меңгерді. Тігін ісі — шағын бизнеске жол ашатын, ателье мен жеңіл өнеркәсіп орындарында еңбек етуге мүмкіндік беретін пайдалы кәсіп.

Бүгінде барлық колледжде қорытынды емтихандар сәтті өтіп, білім алушылар дипломдарын алды. Олардың арасында оқуын қызыл дипломмен аяқтап, бостандыққа шыққан соң ЖШС-ға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған сотталған да бар. Бұл – қайта әлеуметтенудің жарқын үлгісі әрі осы мекемеде іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларының нәтижелі екенін дәлелдейді.

№38 түзеу мекемесінде білім беру – сотталғандарды бостандықтағы өмірге дайындаудың маңызды бір бөлігі. Олар алған мамандық арқылы тек жұмысқа орналасып қана қоймай, қоғамға қайта бейімделіп, жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Ал оқуды ойдағыдай тәмамдап, диплом алу және жұмысқа орналасу – білім беру бағдарламаларының тиімділігін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру