Алматыда Жандос Мұраталиевті еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті
Алматы қаласында Жандос Мұраталиевті еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол – абыройлы полицей, өз ісінің шебері, артында жарқын да терең із қалдырған адам.
Жандос Мұраталиев әр жылдары жауапты лауазымдарда қызмет атқарды: Алматы қаласы әкімшілік полициясының бастығы және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары. Оны кәсіби біліктілік, жауапкершілік, шынайылық және адами биязылық ерекшелендірді.
Турнирді оның шәкірттері, әріптестері, достары мен туыстары ұйымдастырды. Іс-шараға әртүрлі бөлімдерден құралған командалар мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Салтанатты рәсімге Жандос Мұраталиевтің ата-анасы, жары, балалары мен жақындары қатысты – олар үшін ол тірек әрі жүректерінде өмір сүріп келе жатқан асыл бейне.
Турнир қатысушылары Жандос Мұраталиевті тек үлгілі офицер ретінде ғана емес, сонымен қатар сезімтал тәлімгер, жанашыр әріптес, тамаша сұхбаттас ретінде еске алды.
— Бұл турнир жай ғана спорттық шара емес, шынайы құрмет, естелік пен бірліктің белгісі болды. Іс-әрекеті мен есімі ел есінде мәңгілік сақталатын нағыз ер азаматқа деген құрмет ретінде турнир жыл сайын өткізілетін болады, — деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Аманбек.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздарға естелік дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушы алғыс белгісі ретінде символдық сыйлықтарға ие болды. Бұл турнирде жеңілгендер болған жоқ – достық жеңді.
Ұйымдастырушылар турнир дәстүрі жалғасатынын атап өтті.