Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бала қауіпсіздігі – бірінші орында: полиция ата-аналарды сақтыққа шақырады

Жамбыл облысының полицейлері балалардың терезеден құлауының алдын алу шараларын күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылдың басынан бері Жамбыл облысында балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлауының 8 оқиғасы тіркелді. Қайғылы оқиғалардың көпшілігі ересектердің қадағалаусыздығынан, сондай-ақ терезелерде қарапайым қорғаныс құралдарының болмауынан болды. Статистикаға сәйкес, 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар ең үлкен тәуекелге ұшырайды.

Балалардың үйде уақытын көбірек өткізетін көктемгі-жазғы кезеңнің басталуымен полиция қызметкерлері мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Осылайша, 3 мыңнан астам үйді аралап тексеру жүргізіліп, оның барысында шатырлар мен жертөлелерде құлыптау құрылғыларының бар-жоғын тексеруге баса назар аударылды. Бұл шаралар кәмелетке толмағандардың қауіпті болуы мүмкін аумақтарға еркін кіруіне жол бермеуге бағытталған.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары тұрғындармен, оның ішінде жергілікті мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қызметтер өкілдерінің қатысуымен 1500-ден астам кездесу ұйымдастырды. Балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары – терезе блокаторларын, құлыптарды, қорғаныш торларын орнату түсіндірілді. Баланы қысқа уақытқа қараусыз қалдырудың өзі қайғылы жағдайға әкелетініне назар аударылуда.

Полиция барша азаматты абай болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және терезелерге қорғаныс құралдарын орнатуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру