СҚО-да полицей интернет-алаяқтықтың алдын алды
СҚО-да полицей интернет-алаяқтықтың алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласындағы ірі сауда үйлерінде банк терминалдары көп орналасқан. Онда кезекшілік атқаратын полиция қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі – интернет-алаяқтардың құрбаны болу қаупі бар азаматтарды дер кезінде ескерту.
Жуырда СҚО ПД ЖҚАЖ қызметкері қаладағы сауда үйлерінің бірінде кезекшілік барысында терминал алдында телефонмен сөйлесе жүріп операция жүргізіп жатқан абыржыған егде жастағы ер адамға назар аударды.
Полицей өзін таныстырып, алаяқтық болуы мүмкін екенін ескертті. 63 жастағы қала тұрғынына белгісіз тұлғалар қоңырау шалып, өздерін еліміздегі банктердің бірінің қызметкерлері ретінде таныстырғанын айтты. Олар азаматтың атына кредит рәсімделіп жатқанын, оны болдырмау үшін өзінің ақшасын "қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігін жеткізген.
ЖҚАЖ қызметкері дереу "102" арнасына хабарласып, азаматқа мобильді банк қосымшасы арқылы шоттарын тексеруді ұсынды. Нәтижесінде зейнеткердің атына ешқандай несие рәсімделмегені анықталды. Кейіннен оқиға орнына келген жедел тергеу тобының қызметкерлері егде жастағы азаматпен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осылайша алаяқтықтың жолы кесілді.
Полицейлер азаматтарға банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан адамдардан қандай да бір қаржылық операция жасауды талап етпейтінін еске салады. Егер есепшотыңыздың қауіпсіздігіне алаңдасаңыз, ресми арналары арқылы банкке хабарласыңыз.