Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында есірткі сайттарын жарнамалаған күдікті ұсталды

Қарағанды облысының Балқаш қаласында полиция қызметкерлері тыйым салынған интернет-ресурстарды жарнамалаумен айналысқан ер адамның заңсыз әрекетінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдіктінің құқыққа қайшы әрекеттері бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 36 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам әлеуметтік желілердің бірі арқылы интернеттен "жұмыс" тауып, жоғары ақы төленетін жарнамамен айналысқан. Ол есірткі сайттарының мекенжайларын ғимарат қабырғаларына граффити түрінде жазып отырған. Күдікті мұндай әрекеттерді көбіне кешкі уақытта немесе таңсәріде, адам аз жүретін мезгілде жасаған.

Ұсталған сәтте ер адам есірткі сайттарының мекенжайлары көрсетілген бес бірдей граффити салып үлгерген. Аталған жазбалар тыйым салынған интернет-ресурстарды ашық түрде насихаттаған.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері күдікті жарнамалаған интернет-ресурстың нақты иелерін анықтау бағытында жедел жұмыстар жүргізуде.

Тергеу барысында ұсталған азаматтың қолға түскен кезінде сайттың әлі де жұмыс істеп тұрғаны анықталған. Бұл жедел-іздестіру шараларының өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру