Жетісуда жасөспірімдерге зиянды әдеттердің салдары көрсетілді
Жетісу облысы Көксу ауданында қоғамдық қауіпсіздік басқармасының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында алкогольдік ішімдіктерге теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында жасөспірімдер спирттік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынатын әрі қоғамға жат өмір салтын ұстанатын азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барды. Оларға алкогольге тәуелділіктің ауыр салдары — отбасының ыдырауы, өмірлік мақсаттың жоғалуы, денсаулықтың нашарлауы және әлеуметтік құлдырау нақты мысалдар арқылы көрсетілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық формат жасөспірімдерге тек ақпарат берумен шектелмей, зиянды әдеттердің адам тағдырына қалай әсер ететінін шынайы түрде түсінуге мүмкіндік береді.
— Кейде көзбен көрген бір мысал кез келген сөзден әсерлі болады. Біздің міндетіміз — жасөспірімдерді қателіктерден сақтандырып, салауатты өмір салтының маңызын түсіндіру және дұрыс таңдау жасауға бағыт беру, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Жетісу облысы полициясының мәліметінше, жастар арасындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бағыт өңір полициясының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
