Учаскелік инспектордың бір күні
Қоғам тыныштығы – бұл жай ғана ұран емес. Бұл – әрбір күнін қызметпен бастап, әр аула мен әр отбасының амандығына алаңдайтын үлкен жауапкершілік. Осындай сенім мен ауыр міндетті арқалап жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Жандос Ешманов . Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жандос ішкі істер саласындағы қызметін 2015 жылдың желтоқсан айында бастады. Қазіргі таңда ол Ақтөбе қалалық полиция басқармасына қарасты №3 қалалық полиция бөлімінде учаскелік инспектор қызметін абыроймен атқарып келеді.
Жандос – төрт баланың әкесі, отбасына адал, қызметіне тиянақты азамат. Әріптестері оны сабырлы мінезі мен талапшылдығы үшін ерекше құрметтейді. Ал тұрғындар үшін ол – кез келген уақытта көмек қолын созуға дайын, ашық сөйлесіп, түсіністік таныта білетін жанашыр полиция қызметкері.
Учаскелік инспектордың бір күні жоспарлы алдын алу жұмыстарынан басталады. Рейдтер, тұрғындармен кездесулер, өтініштерді қарау, әсіресе жасөспірімдер мен әлеуметтік тұрғыда осал топтармен жүргізілетін жұмыс – мұның бәрі оның күнделікті қызметінің бір бөлшегі ғана.
- Біздің ең басты міндетіміз – халықтың сенімін ақтау. Қауіпсіз қоғам құру – тек заңмен ғана емес, адами қарым-қатынаспен де жүзеге асады. Халықтың полицияны сыйлауы үшін, ең алдымен, біз өз тарапымыздан оларға құрмет көрсетуіміз қажет, – дейді Жандос.
Оның жұмыс күні сағатпен шектелмейді. Қажет болған жағдайда түн ортасында да тұрғындарға көмек көрсетуге әзір. Себебі полиция формасы – жай киім емес, үлкен сенім мен мол жауапкершіліктің символы.
Жандос Ешманов – қызметінде де, жеке өмірінде де елге қорған, халыққа тірек болуға ұмтылатын нағыз халық инспекторы. Ол үшін полиция қызметі – жай жұмыс емес, бұл – ел алдындағы адалдық пен борышқа негізделген өмірлік миссия.