Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында полицейлер түнгі уақытта велотуристерге жол көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етті

Ақмола облысында полицейлер түнгі уақытта велотуристерге жол көрсетіп, шығарып салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы  Нұрсұлтан Мукашевтың атына Қостанай қаласының тұрғыны Давид Асановтан алғыс хаты келіп түсті. Өз хатында жас азамат жол үстінде көмек көрсеткені үшін облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – Жақсылық Байдуллинға және Мирас Тұрғанбаевқа шынайы ризашылығын білдірді.

Хат авторының айтуынша, ол велотуризммен әуестенеді және шілде айында Ресей Федерациясынан келген қонағымен бірге, ол Қырымнан Қостанайға дейін велосипедпен жеткен, Балқаш қаласына қарай ұзақ сапарға шыққан.

16 шілдеде кешкі сағат 22:40 шамасында жол қауіпсіздігін қадағалап жүрген облыстық патрульдік полиция батальонының "Тұлпар-13" экипажы Көкшетау – Рузаев автожолының 29–30-шақырымында екі велотуристі байқайды. Қараңғы түсіп, көлік қозғалысы жиілеп, кейбір жүргізушілер жылдамдық режимін сақтамағандықтан, олардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін екенін аңғарған тәртіп сақшылары велотуристерді Көкшетауға дейін шығарып салу туралы шешім қабылдайды.

Давид Асановтың айтуынша түнгі уақытта жолда қалу оларды алаңдатқан: "Біз сәл абдырап қалдық – айнала қараңғы, көліктер өте жылдам жүріп жатты. Экипаждың болуы бізге сенімділік берді", – дейді ол.

- №13 экипажы біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, жол бойы бірге болғаны, сыпайылығы, кәсіби біліктілігі мен туристерге деген жанашырлығы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, қызметкерлерді кәсіби даярлаған басшылыққа және олардың жоғары моральдық ұстанымдарына ерекше алғыс айтамын, – делінген алғыс хатта.

Полиция еске салады: алыс сапарға, әсіресе жалғыз немесе велосипедпен шыққанда, маршрутты тәуліктің уақытына сай жоспарлап, жарық шағылыстырғыш элементтер мен байланыс құралдарын алып жүру маңызды. Кез келген қиын жағдайда полиция қызметкерлерінен көмек сұраудан тартынбаңыз — азаматтардың қауіпсіздігі полиция қызметінің басты басымдығы болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру