Қызылорда облысында жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер анықталды
Қызылорда облысында жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында өткен “Борышкер” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жол ережесін жиі бұзатын азаматтар анықталып, құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары күшейтілді. Төлемнен жалтарып жүрген көлік иелеріне шара көріліп, жол қозғалысындағы тәртіпті сақтау маңызы кеңінен түсіндірілді.
— Біздің басты мақсатымыз - айыппұл салып, жазалау емес. Біз ең алдымен жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етуді, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуды көздейміз. Әрбір азамат заң алдындағы жауапкершілігін түсінуі керек, — дейді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров.
Қазір облыс бойынша құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын “Аркан”, “Интегра КДД”, “Сергек”, “Екин-Патруль” сияқты заманауи жүйелер толық жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар “Мегакам Қорғау” жол қозғалысын бақылау жүйесі арқылы жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген, міндетті сақтандыруы жоқ көліктер анықталып жатыр. Бұл - жолдағы қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретіндер.
— Әр жүргізуші тек өз қауіпсіздігі үшін ғана емес, айналасындағы адамдардың амандығы үшін де жауапты екенін ұмытпауы керек, - деді Нұркен Пралиұлы.