Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда дрондардың көмегімен 200 құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Павлодарда дрондардың көмегімен 200 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласында "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында зияткерлік жүйелер белсенді түрде енгізілуде. Цифрлық технологиялар қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырудың тиімді тетігіне айналуда. Бүгінде полиция қызметінің арсеналында бақылау камералары, құқық бұзушылықтарды тіркеудің автоматтандырылған кешендері, дрондар мен квадроциклдер сынды заманауи техникалық құралдар бар.

Аталған құрылғылар қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және жол жүру ережелерінің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл құралдар жол ережелерінің бұзылуын, абаттандыру ережелерінің сақталмауын, вандализм мен ұсақ бұзақылықты нақты уақыт режимінде тіркеп, полиция қызметкерлеріне жедел әрекет етуге септігін тигізуде.

Зияткерлік бақылау жүйелері республикалық тізілімдер базасымен интеграцияланған. Құқық бұзушылықтар туралы ақпарат патрульдік және учаскелік полиция нарядтарына жедел түрде жеткізіліп отырады.

Полиция департаментінің мәліметінше, дрондар негізінен жағалау аумақтары мен халық көп жиналатын демалыс орындарын патрульдеуге бағытталған. Ауадан бақылау жасау құқық бұзушылықтың немесе төтенше жағдайдың туындауы ықтимал топтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жердегі патрульдер квадроциклдер арқылы жетуі қиын аймақтар мен жағажайларды шолып жүреді. Қазіргі заманғы техникалық құралдар кезекші экипаждарға нақты әрі жедел ақпарат беріп, оқиғаға ден қою уақытын едәуір қысқартады.

Полиция қызметкерлері бұл шаралар қала тұрғындарының қауіпсіз әрі тыныш демалысын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Дрондар мен квадроциклдерге жабдықталған патрульдік жасақтар күн сайын Орталық жағалау мен Усолка жағажайы аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын жүргізуде. Олар қоғамдық орындарда ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық сынды ережебұзушылықтардың жолын кесіп, көше ұрлығының алдын алуға ықпал етуде.

– Әрбір азамат қоғамдық тыныштықты сақтап, өз мәдениеттілігін көрсетуге және өзгелердің құқықтарын құрметтеуге тиіс, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру