Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қауіпсіз ауыл – менің басты мақсатым"- учаскелік инспектордың бір күні

Ауыл тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – учаскелік инспектордың күнделікті жұмысы. Әсіресе ауылдық жерде тәртіп сақшысының рөлі ерекше. Себебі мұнда кез келген мәселені шешуде бірінші кезекте учаскелік инспекторға жүгінеді. Құқық бұзушылықтың алдын алып, тұрғындардың мәселесін дер кезінде шешуге тырысатын да – сол жердің учаскелік полиция қызметкері. Осындай міндетті атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Мирас Сағынғалиев. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Мирас Сағынғалиев Атырау қаласына қарасты Ақсай-1 және Ақсай-2 ауылдарының учаскелік инспекторы ретінде халыққа қызмет етіп келеді. Оның жауапкершілігіне 4 мыңнан астам тұрғыны бар екі ауылдың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігі сеніп тапсырылған.

Инспектордың жұмыс күні таңертең ауыл ішінде профилактикалық шолулар жасаудан басталады. Қоғамдық орындарды тексеріп, тұрғындардан келіп түскен шағымдар мен ұсыныстарды назарға алады. Ауылдық жерде жиі кездесетін құқық бұзушылықтың бірі – мал иелерінің жауапсыздығынан қараусыз жүрген ірі қара малдар мен басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары. Бұл мәселе бойынша инспектор тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, мал иелеріне ескерту жұмыстарын жүргізеді. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданады.

- Учаскелік полиция инспекторы ретінде күн сайын әртүрлі жағдайларға тап боламыз. Бізге түсетін арыз-шағымдардың да сипаты сан алуан. Қазір тұрғындар қандай да бір мәселе туындаса, бізге жүгінуден тартынбайды. Кейбір тұрғындар аулада ойнап жүрген балалардың ерегісіп қалғанын хабарласа, енді бірі көшеде бейтаныс адамның дөрекі сөйлегеніне наразы болып жатады. Ал, түн мезгілінде тыныштық бұзғандарға қатысты арыздар жиі түседі. Осындай шағымдардың барлығын ескерусіз қалдырмаймыз, – дейді инспектор.

Тұрғындармен тұрақты байланыс орнату – Мирас Сағынғалиевтің жұмысындағы басты бағыттың бірі. Ол ауыл азаматтарының кез келген өтінішін тікелей қабылдау үшін арнайы чат ашып, әрбір мәселені жедел шешуге тырысады. Тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты барлық сұрақтар ашық айтылып, әр шағым назардан тыс қалмайды. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің сервистік полиция жобасы аясында учаскелік инспекторлар әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып жүр.

- Қазір кез келген үйдің, дүкеннің немесе қоғамдық орынның бұрышында біздің суретіміз бен байланыс нөміріміз жазылып тұрады. Өзім қарасты ауылдарда оннан астам чат ашып қойғанмын. Оның ішінде жер үйлердің, көшелердің жеке чаттары бар. Әр чатта кемінде 500-ден астам адам тіркелген. Халық осы тәсілді тиімді қолданып отыр. Чаттағы шағымдарға күнделікті көз салып, арызданушы адаммен бірден байланысып, оқиға орнына дереу шығамыз. Көп жағдайда осылайша ұсақ құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, шешім қабылдаймыз, – деді тәртіп сақшысы.

Жас болса да, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Мирас Сағынғалиев учаскелік инспектор қызметін жай жұмыс деп емес, халықпен тікелей байланыс орнатудың, олардың тыныштығын қамтамасыз етудің бір жолы деп біледі. Ауыл тұрғындарының сенімін ақтау – оның басты ұстанымы. Қазіргі таңда халықпен тығыз байланыс орнатып үлгерген ол – ауыл тұрғындарының оң бағасын алып жүрген учаскелік инспектор.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру