Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандар арасында шағын футболдан турнир өтті
Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандар арасында шағын футболдан турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қызылорда қалалық пробация қызметі мен қылмыстық жазасын өтеуге бейімдеу орталығының бірлесуімен пробация есебіндегі сотталғандар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – сотталғандарды қоғамға бейімдеу, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт арқылы оң әлеуметтік орта қалыптастыру.
Турнирге 4 команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Финалдық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталып, кубоктар мен алғыс хаттарға ие болды.
– Бүгінгі турнирге бар күшімді жігерімді салдым. Командаластарымызбен бір мақсат үшін күресіп, бір-бірімізге қолдау білдіру арқылы өз-өзімізді жаңа қырынан таныдық. Пробация қызметкерлеріне осындай іс-шараны ұйымдастырғандары үшін алғысымыз шексіз, – дейді турнирге қатысушы азамат.
Мұндай шаралар пробация қызметінің тек бақылау емес, сондай-ақ тәрбиелеу, бейімдеу және қолдау бағытында да нәтижелі жұмыс атқарып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да осындай спорттық- мәдени шаралар жалғасын табады.