Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда ІІМ мен "Динамо" ДШСҚ-ның бірлескен спартакиадасы салтанатты түрде ашылды

Қарағандыда "Динамо" спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына арналған ІІМ және "Динамо" ДШСҚ спартакиадасының салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды қаласындағы "Жастар" спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің XII спартакиадасы және спорттық самбодан "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының бағдарламасы аясындағы XII ведомствоаралық спартакиадасы бастау алды. Бұл ауқымды спорттық шара еліміздегі "Динамо" қоғамының ғасырлық мерейтойына арналды.

Салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің әр өңірінен және түрлі ведомстволардан келген 19 команданың құрамындағы 149 спортшы бас қосты. Қатысушыларды Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Әбіл Әбілдин құттықтап, самбоның тек физикалық күш қана емес, сонымен қатар биік моральдық қасиеттерді де талап ететін спорт түрі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қарағанды облысының полиция департаменті 2024 жылғы қорытынды бойынша "Динамо" қоғамының спорттық бағдарламалары аясында өткізілген іс-шараларда бірінші орын иеленгені үшін арнайы кубок және құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат – жарысқа қатысушылар үшін үлкен ынталандыру болды.

Спартакиаданың алғашқы күні көрермендер жеті салмақ дәрежесі бойынша өткен тартысты және қызықты жекпе-жектердің куәсі болды. Жоғары дайындық пен жеңіске деген жігерін танытқан үздік спортшылар финалға жолдама алып, мықты атағы үшін өзара бақ сынасуға мүмкіндік алды.

Мұндай спорттық іс-шаралар түрлі құрылымдардың қызметкерлері арасындағы кәсіби байланыстар мен достық қатынастарды нығайтуға, командалық рухты арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жарыстар жас ұрпаққа үлгі бола алатын тәрбиелік мәнге де ие.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру