Көлік полицейлері теміржол оқиғаларын тергеу бойынша семинар өткізді
Көлік полицейлері теміржол оқиғаларын тергеу бойынша семинар өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін ҚР ІІМ көліктегі полиция департаменті "ҚТЖ "ҰК" АҚ оқу орталығының базасында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адиловтың төрағалығымен "Темір жол көлігіндегі апаттарына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу" тақырыбында практикалық оқу-жаттығу өтті. Семинарға Көліктегі ПД, Астана қ. ПД басшылығы мен жедел-тергеу қызметтері, сондай-ақ Басқару академиясының оқытушылары мен студенттері қатысты. С. Адилов ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған басым міндеттеріне, атап айтқанда, "Заң мен Тәртіп қағидатының" мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге тоқталды.
- Қылмыстық істерді ашық әрі әділ тергеу – біздің басты міндетіміз. Әрбір іс заң шеңберінде, дәлелдерге негізделіп, әділ қаралуы тиіс. Тергеудің ашықтығы – халықтың сенімінің кепілі. Біз осы сенімді сақтау үшін бар күшімізді салуымыз керек, - деді Санжар Адилов.
Іс-шара барысында қатысушылар көліктегі ПД-ның қызметі және теміржол оқиғаларына байланысты қылмыстық істерді тергеудің ерекшеліктері туралы айтты. Сондай-ақ Басқару академиясының аға ғылыми қызметкері А.М. Жүсіпбекова, тергеу басқармасының ІІО бойынша аға тергеушісі А.Қ. Қонақбаев, блокчейн криминалистикасы және цифрлық активтер экономикасы бойынша маман Д.Қарашев және басқалар баяндама жасады.
Теміржол көлігін пайдалану қағидаларын немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері бойынша оқиға болған жерді қарауға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Көліктегі ПД тергеу басқармасының қызметкерлері теміржол көлімен қағып кету бойынша оқиғаның мән-жайларын тіркеу мақсатында дрондарды пайдалана отырып, практикалық оқу-жаттығу өткізді. Оқиға орнын дұрыс тексеру қылмыстық іс бойынша дәлелдердің негізгі көзі және сәтті тергеудің кепілі болып табылады.
Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін арттыруға, тәжірибе алмасуға және көлік саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысының тиімділігін көтеруге септігін тигізеді.