Абай облысына келген шетелдік қонақтар мерейтойдың қауіпсіздігі мен шынайы атмосферасын жоғары бағалады
10 тамыз күні Абай облысының Абай ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған қорытынды шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сахнада өнер өрнегі өрілгенімен, мерекенің шынайы тынысы сахна сыртында жүріп жатты. Аймақ тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының полиция департаменттерінен келген мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Қызметкерлер 7 тамызда Абай ауданына жеткізіліп, арнайы шатырлы қалашыққа орналастырылды. Әрбір жасаққа жауапты басшы бекітіліп, жауын-шашынды ауа райына қарамастан, шатырлар берік орнатылып, қызмет дала жағдайында үздіксіз атқарылды.
Мереке күндері ешқандай құқық бұзушылық тіркелмеді. Дегенмен, сахна маңына автокөлікпен кіруге қойылған шектеулерге байланысты кейбір тұрғындар мен қонақтар наразылық танытты. Бұл шара алаңда балалардың көп болуына байланысты қабылданған еді. Көпшілік керісінше, ұйымдастырушылар мен полиция қызметкерлерінің қауіпсіздік пен кәсібиліктің жоғары деңгейін атап, ризашылық білдірді.
Мерекенің ажарын Конго, Үндістан, Қытай және Түркиядан келген шетелдік туристер кіргізді. Олар тәртіп сақшысы қыздардың сымбаттылығы мен сыпайылығын, бірнеше тілді еркін меңгеруін ерекше атап өтті. Жылы шырайлы әңгімелердің соңында қонақтар шынайы жымиып: "Абай, рақмет!" — деп алғыс айтты.
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан мереке күндері жағдайды жеке бақылауда ұстап, ат үстінде бекеттерді аралап, қызметкерлерден ахуалды сұрап, қажетті нұсқаулар беріп отырды.
Үш тәулік бойы тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет атқарып, адасып кеткен 19 баланы тауып, ата-аналарына аман-есен табыстады. Ең есте қаларлық сәттердің бірі — соңғы кеште, отшашу кезінде орын алды. Халық көп жиналған алаңда үш жасар бала жоғалып кеткен. Жедел уәкіл оны тауып алып, қорыққан әрі үсті су балаға өз күртешесін кигізіп, жұбатып, сахнадан ата-анасына үн қатты. Бір жарым сағат бойы ешкім келмеген соң, бала автобустың ішінде ұйықтап қалды. Полицей жанында отырып, оның тыныштығын күзетіп, терезеден отшашуды бірге тамашалады. Ата-анасы іс-шара соңында ғана келіп, баласын көлікте ұйықтап жатыр деп ойлағандарын түсіндірді.
Абай облысы полиция департаменті тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткен барлық қызметкерлерге, сондай-ақ тұрғындар мен қонақтарға түсіністік пен қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.