Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында бұқаралық спорттық акция өтті

Семей қаласының орталық алаңында салауатты өмір салтын насихаттауға, өскелең ұрпаққа есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуге және жастарды спортқа баулуға бағытталған "Спорт – есірткіге қарсы! Денсаулықты таңда!" атты спорттық-сауықтыру акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны Абай облысы полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен "Арлан" спорт клубы және "СОЦ КЗ" еріктілері бірлесіп ұйымдастырды.

Акцияның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты бос уақытты тиімді өткізудің және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызды құралы ретінде дәріптеу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жасөспірімдер мен жастардың спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстардың тиімділігін күшейтеді.

Іс-шара барысында қатысушылар күш-жігері мен ептілігін сынап, қол күресі және гір көтеруден бақ сынады. Спорттық сайысқа қала тұрғындарымен қатар белсенді жастар да қатысты. Алаңға жиналған көрермендер спортшыларға қолдау көрсетті. Жалпы, жарысқа қатысып, өз бағын сынағандар мен акцияны тамашалағандардың саны 100-ден асты.

Жарыс барысында бәсекелестікпен қатар, достық пен өзара қолдауға негізделген ерекше көңіл-күй қалыптасты. Спорттық доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар табысталып, олардың белсенділігі мен салауатты өмір салтын таңдағаны атап өтілді.

Іс-шараның маңызды бөлігі есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына арналды. "СОЦ КЗ" еріктілері тұрғындармен кездесіп, есірткі заттарының адам денсаулығы мен болашағына тигізетін кері әсері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жастар мен қала тұрғындарына 500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды.

Абай облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Думан Үкіжанов акцияның маңыздылығына тоқталды:

- Есірткі қылмысының алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық пайдалы іске тартудың маңызы зор. Бүгінгі акцияның негізгі идеясы да осы – жастарға есірткіден бас тартудың ең дұрыс жолы денсаулықты, спортты және белсенді өмір салтын таңдау екенін көрсету. Біз профилактикалық жұмыстарды тек түсіндірумен шектемей, жастардың өздері қызығушылықпен қатысатын осындай қоғамдық және спорттық бастамаларды тұрақты түрде қолдаймыз. Әрбір жас өз болашағына жауапкершілікпен қарап, "Денсаулықты таңдаймын!" деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырса, бұл – есірткі қылмысының алдын алудағы үлкен жетістік, – деді Думан Үкіжанов.

Акция барысында спорт пен құқықтық профилактика өзара сабақтасып, жастарға маңызды қоғамдық үндеу жеткізілді. Өйткені спорт – дене шынықтырудың ғана емес, тәртіптің, табандылықтың, жігердің және өз-өзіне деген жауапкершіліктің мектебі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру