Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер "Rukh nation" жарысында топ жарды

Алматы қалалық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы мен арнайы бөлім қызметкерлерінен құралған команда "RUKH NATION" атты кедергілер арқылы өтетін ауқымды жарыста бірінші орынды иеленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Дода бүгін "Oi-Qaragai" тау-шаңғы кешенінде өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының арнайы бөлімшелері, күштік және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері қатысты. Турнирді мемлекеттік күзет қызметі ұйымдастырды.

Жарысқа барлығы 18 команда, 80-нен астам қатысушы қатысып, өзара мықтылықтарын сынады. Екінші орынға десанттық-шабуылдаушы әскерлердің әскери қызметшілері, үшінші орынға мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері лайық деп танылды.

Айта кетейік, Алматы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының әйелдер командасы да сайысқа қатысып, өз күшін, төзімділігін және командалық рухын жоғары деңгейде көрсете білді.

– Бұл жеңіс – біздің қызметкерлеріміздің кәсіби шеберлігінің, командалық бірліктің, сондай-ақ жоғары деңгейдегі дене және жауынгерлік дайындығының айқын нәтижесі. Біз әрбір қатысушымызды мақтан тұтамыз және жарысты жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Мұндай жарыстар күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт түрлерін кеңінен насихаттауға септігін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру