Алматыда полиция жаңа оқу жылы қарсаңында қалта ұрлығының алдын алу шараларын күшейтті
Алматыда полиция жаңа оқу жылы қарсаңында қалта ұрлығының алдын алу шараларын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында, соның ішінде Алатау ауданында, полицейлер қалта ұрлығының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды қарқынды жүргізуде.
Адамдар көп жиналатын орындарда, әсіресе қоғамдық көліктерде, азаматтардың ұрлықтан сақтану жолдарын түсіндіретін жадынамалар мен брошюралар орналастырылды.
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты қалада жолаушылар ағыны айтарлықтай көбейеді. Мектеп оқушылары мен студенттердің сабаққа оралуы, сондай-ақ қала тұрғындарының белсенділігі артатын кезеңде тәртіп сақшыларына жүктелетін жауапкершілік те еселенеді.
— Қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындар мен көлікте барынша мұқият болуға шақырамыз. Сөмке мен рюкзактарыңызды әрдайым көз алдыңызда ұстаңыз, ашық қалталарда қомақты ақша мен бағалы заттарды сақтамаңыз. Егер күдікті адамдарды байқасаңыз немесе ұрлықтың куәсі болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз. Қарапайым сақтық шаралары мүлкіңіз бен тыныштығыңызды сақтауға көмектеседі, — деді Алатау аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әсет Көпешбаев.