Полиция Сайран көлінде профилактикалық шараларды күшейтті
Полиция Сайран көлінде профилактикалық шараларды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Әуезов аудандық полиция басқармасы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстарды жандандырып, жыл басынан бері 4 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде 255-і тікелей Сайран көлінің аумағында тіркелген.
Аталған деректер бойынша азаматтар алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орында ішу, мас күйінде жүру, аумақты ластау, жұрттың тыныштығын бұзу, абаттандыру қағидаларын сақтамау, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасау сияқты құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылды.
Шомылу маусымы басталғалы бері Сайран көлінде полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тұрақты түрде кезекшілік атқаруда. Сонымен қатар, ювеналды полиция инспекторлары, жаяу патрульдер мен учаскелік полицейлер тәулік бойы қызметте.
— Сайран – заманауи инфрақұрылымы бар, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Біз заң мен тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тазалықты қамтамасыз ету мақсатында патрульдеуді күшейттік. Баршаға айтарым — қоғамдық орындарды құрметтеп, ережелерді сақтаңыздар. Қауіпсіздік пен жайлылық — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз, — деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.