Қазақстандық полицей Дүниежүзілік ойындарда күміс жүлдегер атанды
Қытайдағы 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындарында астаналық полицей күміс жүлдеге қол жеткізді, - деп хабарлайды Polisi.kz.
Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан құрамасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, үздік нәтиже тіркеді. Самбо жекпе-жегі бойынша бақ сынаған ұлттық құрама шамамен 40 мемлекетті артта қалдырып, жалпы командалық есепте 2-орынға ие болды.
Жекелей сында күміс жүлдені елордадағы полиция аға лейтенанты, 24 жастағы спорт шебері Тәңірберген Тергеубеков жеңіп алды. Ол самбо жекпе-жегімен жеті жылға жуық уақыттан бері шұғылданып келеді. Бұған дейін Әлем кубогында, ІІМ-нің түрлі деңгейдегі жарыстарында жүлдегер атанып, қазақша күресте де белсенді өнер көрсетіп жүр.
— Қазақстан атынан халықаралық аренада өнер көрсету – үлкен мәртебе. Бұл жарыста бар күшімді салдым. Әрбір белдесу жүлде үшін ғана емес, ел намысы үшін болды. Команданың жеңісіне үлес қосқаныма қуаныштымын, – деді Тәңірберген Тергеубеков.
Ол ішкі істер органдарында 2023 жылдан бері қызмет етеді. Жас полицейдің халықаралық деңгейдегі бұл жетістігі – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, ел абыройын асқақтататын қазақстандық тәртіп сақшыларының жарқын үлгісі болып отыр.