Полиция интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр
Қоғамды цифрландырудың пайдасы көп. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді де, банктік және басқа да сервистерді де онлайн алуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, осы мүмкіндікті алаяқтар да кеңінен қолдануда. Сондықтан полиция қазақстандықтарды сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың жеті айында елімізде 13 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ең көп кездесетін әдіс – сауда алаңдары сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге жалған хабарландыру орналастыру. Әдетте алаяқтар тауарды немесе қызметті тым арзан бағада ұсынып, алдын ала төлемді немесе толық ақшаны сұрайды.
Алаяқтың құрығына түспес үшін:
• тексерілген жарнама сайттарын пайдаланыңыз;
• тауарды тек қолыңызға тигеннен кейін төлеңіз;
• тауардың бар екеніне көз жеткізіңіз (мысалы, бейнеқоңыраумен көрсетуді талап етіңіз);
• егер сатушы басқа қалада болса, тауарды таныстарыңыз арқылы алдыртыңыз.
Азаматтар жылдам пайда табамын деген үмітпен күмәнді брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға ақша салып, жиі алданып қалады. Тек өткен жылы ғана осындай схемалардың құрбаны болған қазақстандықтардың саны – 1 мыңнан астам. Кейбірі тіпті несие рәсімдеп, бар қаржысын жоғалтқан. Алаяқтар ірі компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құрады. “Менеджерлермен” барлық байланыс тек онлайн жүреді. Сенімге кіру үшін кейде бір реттік “дивиденд” те төлейді.
Алаяқтардың тағы бір кең қолданатын тәсілі – банк немесе құқық қорғау органдары қызметкері болып қоңырау шалу. Қазір байланыс операторлары шетелден жасалған алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттап отыр. Осы жүйенің арқасында 65 миллионнан астам жалған қоңырау тоқтатылған. Дегенмен, қазір алаяқтар шетелдік нөмірлер арқылы немесе WhatsApp мессенджерін пайдаланып алдап жүр. Биыл осындай 5,9 мыңнан астам жағдай тіркелген.
Олар азаматтарға “ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз” деп сендіріп, қаражатты қолма-қол айналдырады немесе басқа шоттарға жібереді. Кейбір адамдар өздері несие рәсімдеп, телефонына қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатып, банктен келген SMS-кодтарын да айтып қояды. Осылайша, өздері банктің барлық қауіпсіздік жүйесін айналып өтеді. Тіпті кейбір азаматтар пәтерін, көлігін сатып, түскен ақшаны да алаяқтарға аударып жіберген жағдайлар бар.
- Банк те, полиция да ешқашан сізден дербес деректерді сұрамайды және телефон арқылы арнайы операция жүргізбейді. Ешқашан жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Кез келген жағдайда сақ болуға шақырамын. Қандайда бір күмәнді жағдайға тап болсаңыз, бірден полицияға хабарлаңыз, - дейді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов.
Алаяққа алданып қалған жағдайда:
Егер алаяқтардың қақпанына түсіп қалсаңыз, дереу полицияға жүгініңіз. Барлық ақпаратты толық беріңіз:
• алаяқ хабарласқан нөмір;
• байланыс түрі;
• алдау тәсілі;
• ақша аударылған есепшот;
• келтірілген шығын мөлшері.
Неғұрлым нақты әрі уақытылы ақпарат берілсе, қылмыстың ашылу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Өткен жылғы 1 шілдесінен бастап Ұлттық банкпен бірлесіп “Антифрод” жүйесі іске қосылды. Сол уақыттан бері 60 мыңнан астам күмәнді банктік операция бұғатталды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі заңнамаға түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуде. Қазір азаматтардың өз банк шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға бергені үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Ал алаяқтар осыны пайдаланып, ақшаны әртүрлі шотқа аударып, қылмыс ізін жасырады.
Алаяқтарды қалай тануға болады?
• телефон арқылы несие рәсімдеуді, жинақтарды “сақтауды” немесе “қайтаруды” ұсынады;
• өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, қылмыскерді ұстауға көмектесуді талап етеді (тіпті бейнеқоңыраумен форма көрсетеді, бірақ ресми органдар бұлай істемейді);
• брокерлік платформаларда немесе инвестициялық жобаларда қысқа мерзімде жоғары табыс уәде етеді.
Сақтану жолдары:
• телефон арқылы келген ұсыныстарға сенбеңіз, ақша аудармаңыз, несие рәсімдемеңіз, мүлікті сатпаңыз;
• дербес деректерді, картаның реквизиттерін, CVV-кодын, SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз;
• белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз;
• тексерілмеген сайттарға сенбеңіз, алдын ала төлем жасамаңыз;
• күмәнді жобаларға инвестиция салмаңыз;
• қосымшаларды тек App Store немесе Play Market-тен жүктеңіз;
• күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, спам-хабарламаларды ашпаңыз;
• операторлардан келгендей көрінетін қоңырауларға сенбеңіз, SMS-кодтарды бермеңіз;
• банк жүйесіне кіру құпиясөзін жиі ауыстырыңыз, қосымша қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;
• шоттағы ақша қозғалысын тұрақты бақылап отырыңыз.
Интернет-алаяқтардың айласы күн сайын көбейіп келеді. Бірақ қарапайым сақтық шараларын ұстансаңыз, қаржыңызды қорғап, қылмыскерлердің құрбаны болудан аман қаласыз.