Қараусыз мал — жол апатына себеп: Абай облысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Жол бойындағы мал — жол апатына себеп: Абай облысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері мен "ҚАЖсервис" ЖШС облыстық филиалының мамандары бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға Абай облысы ПД Жаңасемей аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Азамат Қалиев, Жол қозғалысы қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Ержан Түсіппаев және 26-жол пайдалану басқармасының бас инженері Айдар Рахимов қатысты.
Мамандар республикалық маңызы бар трассалардың бойында орналасқан мал шаруашылығы нысандарының иелерімен кездесіп, жол бойында қараусыз жүрген малдың келтіретін қауіптері туралы кеңінен түсіндірді. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне басты себептердің бірі — қараусыз қалған мал екені айтылып, мұндай жағдайдың алдын алу үшін нақты шаралар ұсынылды. Мал иелеріне арнайы жадынамалар таратылып, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Полицейлер тек қадағалаушы орган ретінде ғана емес, сонымен бірге тұрғындармен ашық диалог құрып, жол апаттарының алдын алу жолдарын бірлесіп қарастыратын серіктес ретінде әрекет етті. Кездесуде азаматтардың жеке өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша жауаптар берілді. Қатысушылар жол бойында мал ұстау мәдениетін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
Сонымен қатар Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы мен аумаққа жауапты учаскелік инспекторлар да бұл бағытта белсенді жұмыс атқаруда. Олар республикалық маңызы бар автожолдарды тұрақты түрде патрульдеп, жолдың жүріс бөлігіне үй жануарларының, әсіресе ірі қара малдың шығып кетпеуін бақылап отыр. Патрульдік полиция жүргізушілер мен мал иелеріне ескерту жұмыстарын жүргізіп, қауіпті учаскелерде кезекшілік ұйымдастыру арқылы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға күш салуда.